Конституцияның 80%-дан астамы жаңарды: негізгі өзгерістер
1 шілдеден бастап Қазақстанда 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды конституциялық реформа: Негізгі заңның 77 бабы өзгертіліп, Конституцияның 80%-дан астамы жаңартылды.

Жаңартылған Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды. Сонымен қатар тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық пен унитарлық мемлекет қағидаттары өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді.
Негізгі заңда алғаш рет әділдік, заң мен тәртіп, табиғатты қорғау және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау қағидаттары конституциялық деңгейде бекітілді. Сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет пен инновация ел дамуының басты бағыты ретінде айқындалды.
Негізгі жаңалықтар:
• бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылды;
• вице-президент институты енгізілді;
• Қазақстанның Халық Кеңесі атты жоғары консультативтік орган құрылды;
• зияткерлік меншік құқығының қорғалуы бекітілді;
• азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтілді, оның ішінде кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу және «Миранда қағидасы» енгізілді;
• мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақтыланды;
• неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітілді.
Конституциялық реформа 2026 жылдың басында басталып, арнайы комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасы 15 наурызда өткен республикалық референдумда халықтың қолдауына ие болды.



