Басты жаңалық

Шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді? Ең маңызды жаңалықтарды жинадық

Шілде айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Олар Конституциядан бастап құрылыс, банк жүйесі, цифрлық мемлекеттік қызметтер, шетелге шығу, онлайн сауда және білім беру саласына дейінгі көптеген бағытты қамтиды.

Демалыстар

Елорда күніне байланысты қазақстандықтар 4-6 шілде аралығында үш күн қатарынан демалады. Бес күндік жұмыс аптасында шілдеде 22 жұмыс күні және 9 демалыс күні болады.

Жаңа Конституция

1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енеді. 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылады.

Жаңа Негізгі заңда Қазақстанның унитарлық мемлекет екені, шекарасының мызғымастығы, аумақтық тұтастығы және заң үстемдігі негізгі қағидат ретінде бекітілген.

Бір палаталы Құрылтай

Елімізде 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Депутаттар бес жылға пропорционалдық жүйе бойынша сайланады.

Сонымен қатар вице-президент лауазымы енгізіліп, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Халық кеңесі жұмысын бастайды.

Жаңа Құрылыс кодексі

1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді.

Негізгі өзгерістер:

— барлық қала құрылысы жобалары міндетті сараптамадан өтеді;
— әрбір құрылыс нысанына бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі;
— құрылыс мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы цифрлық бақылауға көшеді;
— сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтіледі.

Қала құрылысы ережелері өзгереді

Енді бас жоспарлар жергілікті бюджет есебінен әзірленеді.

Кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын инвесторлар қаржыландыра алады.

Қоғамдық талқылаулардың ашықтығы артып, жобаларды әзірлеу кезінде дизайн-код, сәулеттік келбет, қабаттылық және табиғи қауіптер ескеріледі.

Бірыңғай банкаралық QR 

19 шілдеден бастап бірыңғай банкаралық QR жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады.

Қазақстандықтар әртүрлі банк қосымшалары арқылы бір QR-кодпен төлем жасап, телефон нөмірі арқылы қаражат аудара алады.

Жүйеге Kaspi.kz те қосылады.

POS-терминал міндетті болады

19 шілдеден бастап бірқатар кәсіпкерлер барлық қолма-қол ақшасыз төлем тәсілдерін, соның ішінде банк карталары мен бірыңғай QR төлемдерін қабылдауға міндеттеледі.

Білім гранттарына құжат қабылдау

13-20 шілде аралығында талапкерлер жоғары оқу орындарының грант конкурсына құжат тапсыра алады. Өтінішті eGov арқылы немесе ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы беруге болады.

Ресейге кіру тәртібі өзгереді

1 шілдеден бастап Ресейге жұмыс істеуге немесе оқуға баратын Қазақстан азаматтары Gosuslugi RuID қосымшасына алдын ала тіркеліп, шекарадан өтуден кемінде 72 сағат бұрын электронды өтініш беруі тиіс.

Әскерге шақыру цифрланады

4 шілдеден бастап әскерге шақыру цифрлық форматқа көшеді.

Ал 12 шілдеден бастап медициналық комиссиялардың шешімдері электронды түрде рәсімделіп, ЭЦҚ арқылы бекітіледі.

ІІМ цифрлық реформасы

12 шілдеден бастап:

— автоматты беріліс қорабымен емтихан тапсырған жүргізушілер қайта емтихансыз механикалық көлік жүргізе алады;
— автокөлікті сатып алу-сату мәмілесін eGov немесе банк қосымшалары арқылы қашықтан рәсімдеуге болады;
— көлікті тексеру процесі цифрланып, VIN-кодтар фотофиксация арқылы рәсімделеді.

Дубайға рейстер қайта ашылады

10 шілдеден бастап Air Astana Астана – Дубай бағыты бойынша тұрақты рейстерді қайта іске қосады.

Онлайн сатып алу ережелері өзгереді

1 шілдеден бастап шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға жаңа талаптар енгізіледі.

Құны 200 еуродан асатын тауарларға 21,8% төлем (5% кедендік баж және 16% ҚҚС) салынады.

Абаттандырудың жаңа қағидалары

1 шілдеден бастап ғимарат иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне тиесілі аумақты күтіп ұстауға міндетті.

Үй жануарларының иелері олардың соңын тазалауы қажет.

Сонымен қатар көлікті көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға тыйым салынады.

«Теңге» атауы ресми түрде өзгереді

1 шілдеден бастап ұлттық валютаның ресми жазылуы барлық нормативтік құжаттарда «теңге» түрінде қолданылады. Бұрын берілген құжаттарды ауыстыру талап етілмейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button