Семей мен Астана арасында жаңа әуе рейсі іске қосылады
3 тамыздан бастап «Семей – Астана – Семей» бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Абай облысы әкімдігі хабарлады.

Жолаушылар тасымалын Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы сыйымдылығы 78-84 орындық Bombardier Q-400ұшағымен жүзеге асырады.
Ұшу кестесіне сәйкес, ұшақ Астанадан сағат 07:45-те ұшып, Семейге 09:20-да қонады. Кері бағытта Семейден 09:40-та көтеріліп, Астанаға 11:20-да жетеді. Ұшу уақыты – 1 сағат 35 минут.
Жаңа бағыт Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, «Самұрық-Қазына»ұлттық әл-ауқат қоры және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен іске қосылып отыр.
Әуе рейсі аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Билет құны 20 мың теңгеден басталады. Жолаушылар сұранысы артқан жағдайда рейстер санын аптасына жеті ретке дейін көбейту жоспарланған.
Қазіргі уақытта Семей қаласынан Алматы, Астана, Үржар және Қарағанды бағыттарына тұрақты әуе рейстері қатынайды. Бұл бағыттарға FlyArystan, SCAT және Оңтүстік аспаны әуе компаниялары қызмет көрсетеді.



