2 мың ағаш, 107 жаңарған аула: «Байқоңыр» қатты өзгеріп жатыр
Астананың «Байқоңыры» жаңарып келеді: ауданда жаңа вайб пайда болды
Астананың «Байқоңыр» ауданында соңғы уақытта көзге бірден түсетін өзгерістер көбейіп келеді. Жаңарған аулалар, балалар алаңдары, жайлы қоғамдық кеңістіктер мен жасыл желек ауданның өзіндік атмосферасын қалыптастырып жатыр.
Биыл аудан бойынша 107 аула жаңартылды. Оның 17-сі толықтай абаттандырылса, 90 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындардың ұсынысымен 11 аула жаңа келбетке ие болды.
Отырар, Ж.Омаров, А.Бараев көшелері мен Республика және Абай даңғылдары маңында балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық воркаут аймақтары мен демалыс орындары пайда болды.
Ауданда 4 жаңа қоғамдық кеңістік те ашылды. Олар Иманбаева, Пушкин, Кенесары және Сейфуллин көшелерінде орналасқан.
Ал «Тұлпар» сауда орталығы маңындағы аумақтың өзгерісі ерекше. Бұрын мұнда ретсіз орналасқан ескі сауда нысандары болса, қазір олардың орнына жаяу жүргіншілерге арналған жолдары, демалыс орындары мен көгалдандырылған аумағы бар жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.
«Байқоңырдың» тағы бір ерекшелігі – жасыл желек. Жыл басынан бері ауданға 2 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды. Былтыр Ж.Тәшенев алаңына егілген 80 алма және алмұрт ағашы биыл алғашқы жемісін берді.
Күзде бұл жұмыс жалғасады: Кенесары көшесінің бойына 230 ірі ағаш отырғызылып, тағы 500-ге жуық жасыл желек егіледі.
Өзгеріс ауданның елді мекендеріне де жетті. «Өндіріс» тұрғын алабында тұрғындардың өтінішімен бос аумақтың орнына балалар ойын алаңы салынса, «Қоянды» саяжай алқабында қоғамдық демалыс кеңістігі мен ойын алаңы пайда болды.
Бүгінде «Байқоңыр» – тек елорданың алты ауданының бірі емес. Жаңарған аулалары, жасыл желегі, балаларға арналған алаңдары мен жаңа қоғамдық орындары бар өзінің ерекше вайбы қалыптасып келе жатқан аудан.
Абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.



