Алаяқтар енді «eGov қызметкері» болып жүр

Қазақстанда алаяқтар eGov қызметкерлері ретінде хабарласып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшкен. Тек соңғы бір айда осындай 30-ға жуық жағдай тіркелген.
Схема әдетте телефон қоңырауынан басталады. Алаяқтар адамның атына ЭЦҚ шығарылғанын немесе басқа да күмәнді әрекет жасалғанын айтады. Кейін әңгімеге «мамандар» қосылып, азаматтың атына несие рәсімделгенін айтып, ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады.
Тараз қаласының тұрғыны осындай қоңыраудан кейін 2 млн теңгеден астам ақшасынан айырылған. Алаяқтар оның атына бірден жеті банктен несие рәсімделгеніне сендірген.
Жалпы, Қазақстанда интернет-алаяқтық саны 14,8%-ға төмендеген. Атап айтқанда, қылмыс саны 17,2 мыңнан 14,6 мың жағдайға дейін азайған. Дегенмен алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуын жалғастырып жатыр.
Бас прокуратура мамандары ескертеді: мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» жіберуді сұрамайды.
Сондықтан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк картасының деректерін және ЭЦҚ ақпаратын бермеңіз.



