ҚоғамЭкономика

Қарағандының энергетикалық келбетін өзгертетін төрт ірі жоба

Қарағанды облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Алып жел турбиналары, жаңа энергоблоктар, заманауи қосалқы станциялар мен жылу желілерін жаңғырту өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Дала желінен қуат өндіретін «Гиперборея»

2026 жылы Осакаров ауданында қуаты 150 МВт болатын «Гиперборея» жел электр станциясы пайдалануға берілді. Мұнда 21 жел турбинасы орнатылған.

Станция іске қосылғаннан бері 547,9 млн кВт·сағ электр энергиясын өндірген. Орташа айлық өндіріс көлемі 33,5 млн кВт·сағатты құрайды.

Заманауи технологиялармен жабдықталған станция өңірдің қатал климаттық жағдайына бейімделген. Жоба аясында 20 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Қарағанды 3-ЖЭО: қосымша 140 МВт қуат

Қарағандының 3-жылу электр орталығында жаңа қазан агрегаты мен турбоагрегат салынып жатыр. Жоба нәтижесінде станцияның электр қуаты 140 МВт-қа, жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады.

Жаңа энергоблокта атмосфераға таралатын зиянды заттарды азайтуға мүмкіндік беретін көпсатылы тазарту жүйесі орнатылады.

Жобаны 2028 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық аясында сегіз қазан агрегаты мен алты турбина жөндеуден өтті.

«Жаңа Майқұдық»: алты шағын ауданға қосымша қуат

Қарағандыда 24 МВА қосымша қуат беретін «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы салынды. Жоба аясында 35,7 шақырым электр беру желісі жаңғыртылды.

Жаңа нысан Майқұдықтың алты шағын ауданын электр энергиясымен жабдықтау сенімділігін арттырып, ауданның одан әрі дамуына мүмкіндік береді.

Шахтинск ЖЭО: қызыл аймақтан сары аймаққа

1964 жылы пайдалануға берілген Шахтинск ЖЭО бүгінде 37,8 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді.

Станцияда қазан агрегаттары мен турбиналарды күрделі жөндеу нәтижесінде нысанның техникалық жағдайы жақсарып, қызыл аймақтан сары аймаққа ауысты.

Сондай-ақ ұлттық жоба аясында 2,7 шақырым магистральдық жылу желісін жаңғырту жоспарланған.

ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті энергетикалық нысандардың жұмысы мен жылыту маусымының өтуін тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Аталған жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экономикалық дамуына негіз қалайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button