Басты жаңалықҚоғам

Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысына қатысты министрлік түсініктеме берді

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистеріндегі іркіліске қатысты түсініктеме жасады. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдемені 11 қазанда Telegram-дағы арнасында жариялады.

Министрліктің хабарлауынша, «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы үзілістер қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты сұрақтар туғызған.

«Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – делінген хабарламада.

Алайда бұл бүкіл платформаның дербес жұмыс істейтінін білдірмейді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, такси мен жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті жекелеген компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.

Ведомство цифрлық сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі пайдаланушылар үшін аса маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты деректерді Қазақстан аумағында сақтау және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешімді қажет ететін екі бөлек міндет.

Қазіргі уақытта «Яндекс» компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп, қажетті қолдау көрсету бағытында жұмыс істеуде.

Сонымен қатар жүктеменің артуы жағдайында тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін басқа такси және жеткізу платформаларымен де жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервистері курьерлер мен такси жүргізушілері үшін қолжетімсіз болды. «Яндекс Go» баспасөз қызметі техникалық мамандар ақауды жоюмен айналысып жатқанын хабарлаған.

Бұған дейін Ресейдегі «Яндекс» деректер орталығына жасалған жаңа шабуыл салдарынан Мәскеу мен Санкт-Петербургті қоса алғанда, ірі қалаларда такси шақыру қиындағаны хабарланған еді. Қосымша жұмысына қатысты мәселелер Беларусь пен Арменияда да байқалған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button