
Қазақстандық спортшы Әсем Орынбай Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Отандасымыз «скит» бағдарламасы бойынша іріктеу кезеңінде бес раундтың қорытындысы бойынша 125 нысананың 121-ін дәл көздеді. Бірнеше спортшының нәтижесі бірдей болғандықтан, финалға шығатын қатысушылар қосымша атыс арқылы анықталды. Нәтижесінде Әсем Орынбай финалға сегізінші орынмен өтті.
Бұл жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Қазақстан құрамасынан осы бағдарламада Зоя Пискун мен Ольга Хайлова да өнер көрсетті. Зоя 117 нысананы дәл көздеп, 17-орынға тұрақтаса, Ольга 101 нәтижемен 62-орын алды.



