
Қазақстанда 2028 жылға дейін үш қалдықты энергетикалық кәдеге жарату зауыты салынады. Жобалар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 293 млрд теңгені немесе шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайды. 2025 жылы қытайлық компаниялармен үш инвестициялық келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа кәсіпорындар қоқыс полигондарына жіберілетін қалдық көлемін азайтып қана қоймай, одан электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласында осындай нысан салу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған қоқыс жағу зауыттары жоқ.



