Астанада Акаба процесінің халықаралық саммиті өтіп жатыр

Астанада 6 қарашада жасанды интеллект қауіпсіздігіне арналған Акаба процесінің халықаралық саммиті өтіп жатыр.
Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі Абдалла II, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысуда. Сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттердің ресми өкілдері бар.
Акаба процесі – терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес мәселелерін талқылауға арналған халықаралық бастама. Оны 2015 жылы Иордания королі Абдалла II ұсынған.
Саммит аясында мемлекет басшылары, қауіпсіздік және әскери ведомстволардың өкілдері халықаралық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылауда. Биылғы кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік.



