Қазақстан мен Армения: Астанада Месроп Маштоцқа көше атауы берілді
Астананың орталығында армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың құрметіне аталған жаңа көшенің ашылуы салтанатты түрде өтті. Бұл ерекше оқиға Қазақстан мен Армения арасындағы көпжылдық достық пен өзара сыйластықтың айқын символына айналды.
Арменпресстің Қазақстандағы тілшісі хабарлағандай, рәсімге Армения вице-премьері Мгер Григорян мен Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ басқа да ресми өкілдер қатысты.
Сөз алған министр Аида Балаева шараның маңызын атап өтіп:
«Бүгінгі шара екі елдің достығын айшықтайтын маңызды символиқалық оқиға. Месроп Маштоцтың еңбегі мәдениеттің тілден басталатынын, ал қоғам дамуының білімге сүйенетінін көрсетеді. Қазақстан мен Арменияны бекем достық байланыстырады. Биыл біз екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 33 жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде саясат, экономика, мәдениет және өзге де салаларда елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгін музейлер, кітапханалар және кинематография салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын меморандумға қол қойылады», – деді.
Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі министрі Жанна Андреасян бұл күнді екі халық арасындағы өзара құрмет тарихының жаңа парағы деп атады. Ол Маштоцтың мұрасы армян халқының мәдени болмысының негізі ғана емес, әлемдік өркениетке қосылған баға жетпес үлес екенін атап өтті.
Екі елдің мәдени тұлғаларын өзара ұлықтау бастамасы өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға сапары кезінде көтерілген еді. Сол келісімнің нәтижесінде 2024 жылдың көктемінде Армения астанасында қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының есімі берілген жаңа саябақ ашылды. Енді Астанада Месроп Маштоц атындағы көше пайда болып, екі халықты тарих, тіл және мәдениет арқылы жалғайтын жаңа рухани кеңістік қалыптасты.
Маштоц атындағы көшенің ашылуы — тек қаланың топонимиясына енгізілген жаңа атау емес, Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі тереңдететін достық көпірі. Бұл бастама алдағы жылдары екі ел арасындағы рухани, мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.



