Чемпиондар лигасы: «Қайрат» – «Брюгге» матчын қайдан көруге болады?

Қазақстан чемпионы алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы жалпы кезеңдегі соңғы үй матчын 20 қаңтарда Астанада, «Астана Арена» стадионында өткізеді. Бұл жолғы қарсылас — Бельгияның әйгілі «Брюгге» клубы. Қонақ команда Астанаға алдын ала келіп, қазақстандық жанкүйерлерді қазақ тілінде сәлемдеп, жол үстіндегі әсерлерімен де бөлісті.
Ойынның Астанада өтуінің себебі бар. «Қайраттың» Алматыдағы негізгі аренасы — Орталық стадион — ашық үлгідегі стадион, ал қыстың суық күндерінде минус температурада матч өткізу жанкүйерлер үшін қолайсыз. Сондықтан кездесу жабық әрі жылы «Астана Аренада» ұйымдастырылмақ.
Матчқа тікелей бару мүмкіндігі жоқ жанкүйерлер үшін жақсы жаңалық бар. «Қайрат» – «Брюгге» ойынын Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Трансляция Астана уақытымен 20:20-да басталады.
Қазіргі таңда Чемпиондар лигасының осы маусымында «Қайрат» алты ойыннан кейін 1 ұпай жинаған. Ал «Брюггенің» еншісінде 4 ұпай бар. Алдағы матчта «Қайрат» сапында команданың жаңа ойыншылары, сондай-ақ жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатқан Дастан Сәтпаев алаңға шыға алмайды.
Ал бельгиялық клубтың бас бапкері Иван Леко бұл кездесуде өз командасынан жоғары деңгейдегі ойынкүтетінін мәлімдеді.



