Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола ала ма? Конституциялық сот жауап берді
Қазақстанның Конституциялық соты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін қарап, 2026 жылғы Конституциядағы мемлекеттік лауазымдарға қатысты нормаларға ресми түсініктеме берді.

Қазақстанның Конституциялық соты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін қарап, 1995 жылғы Конституция бойынша мемлекеттік лауазымдарды атқарған азаматтардың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметтерге қайта сайлануына немесе тағайындалуына қатысты ресми түсініктеме жариялады.
Соттың мәліметінше, 2026 жылғы Конституцияда 1995 жылғы Конституция кезінде атқарылған қызмет мерзімдерін немесе сол кезеңдегі сайлану мен тағайындалу фактілерін есепке алуды көздейтін норма жоқ.
«1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде белгілі бір лауазымды атқарған адамның бұл қызметі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымға қайта сайлануына немесе тағайындалуына құқықтық тұрғыдан кедергі болмайды», – делінген Конституциялық соттың түсіндірмесінде.
Осыған байланысты Конституциялық сот 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік лауазымға қайта сайланатын немесе тағайындалатын азаматтар үшін бұл алғашқы сайлану немесе тағайындалу болып есептелетінін түсіндірді.
Еске салсақ, 2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Президенті бір рет жеті жылдық мерзімге сайлана алатын. Ал Конституциялық соттың бүгінгі түсіндірмесіне сәйкес, 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі президенттік мерзім жаңа Конституциядағы шектеулерді есептеу кезінде ескерілмейді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылдан кешіктірілмей өтуі тиіс кезекті президент сайлауына қайта қатысуына мүмкіндік береді.



