25 млн теңгені депозитке салған тиімді ме, әлде пәтер алған дұрыс па?

Қолыңызда 25 млн теңге болса, оны депозитке салу тиімді ме, әлде пәтер сатып алып, жалға берген дұрыс па? Екі нұсқаның бір жылдағы ықтимал табысын салыстырып көрейік.
Депозит нұсқасы
Жылдық мөлшерлеме 14,5–15% болса, 25 млн теңге бір жылда шамамен 3,6–3,8 млн теңге табыс әкелуі мүмкін. Осылайша бір жылдан кейін депозиттегі қаражат 28,6–28,8 млн теңгеге жетеді.
Алайда бұл жерде инфляцияны да ескеру қажет. Мысалы, 2025 жылғы 11,4% инфляцияны негізге алсақ, бір жылдан кейінгі 28,6–28,8 млн теңгенің сатып алу қабілеті бүгінгі ақшамен шамамен 25,3–25,4 млн теңгеге тең болады.
Депозиттің басты артықшылығы – табыстылығы алдын ала белгілі, басқаруды көп қажет етпейді және ақша салыстырмалы түрде өтімді. Сонымен қатар банктегі депозиттер белгіленген лимиттер шегінде КФГД кепілдігімен қорғалады.
Пәтер сатып алу
25 млн теңгеге жаңа үйден шамамен 35 шаршы метрлік пәтер алуға болады. Астанада мұндай пәтерді жалға беру айына шамамен 212,8 мың теңге табыс әкелуі мүмкін. Бұл жылына шамамен 2,6 млн теңге, бірақ салықтар мен басқа да шығындар есепке алынбаған.
Пәтердің артықшылығы – жалдау ақысынан табыс түсіп қана қоймай, жылжымайтын мүлік инвестордың меншігінде қалады. Егер нарықтағы баға өссе, пәтердің құны да артуы мүмкін. Мысалы, 2025 жылы Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы орта есеппен 15,7%-ға өскен.
Дегенмен пәтер сатып алғанда жөндеу, салық, коммуналдық төлемдер, пәтердің бос тұруы және мүліктің тозуы сияқты шығындарды да ескеру қажет. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік депозитке қарағанда өтімділігі төмен актив саналады.
Осылайша, бір жылдық есепте депозит шамамен 3,6–3,8 млн теңге табыс әкелуі мүмкін, ал пәтердің жалдауынан шамамен 2,6 млн теңге түсуі ықтимал. Бірақ бұл екі көрсеткішті тікелей салыстыруға болмайды. Депозитте инфляция нақты табысты азайтса, пәтерде жөндеу мен басқа да шығындар бар. Ал жылжымайтын мүліктің бағасы өскен жағдайда оның жалпы табыстылығы жалдау ақысынан жоғары болуы мүмкін.
Сондықтан 25 млн теңгені қайда салу керегін шешкенде бір жылдық табыспен ғана шектелмей, инфляцияны, қосымша шығындарды, өтімділікті және инвестицияның ұзақ мерзімді перспективасын бірге есептеген жөн.



