Мәдениет

Валерий Меладзе Астананы әлемдегі ең таза қалалардың бірі деп атады

Ресейлік әнші әрі музыкалық продюсер Валерий Меладзе Астанада өткен концертінде елорда туралы жылы пікір білдірді. Өнер иесі қаланың тазалығы, сәулеті мен заманауи келбетіне ерекше тоқталды.

Концерт барысында әнші қазақстандық көрерменге ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтып, Астанада қайтадан өнер көрсетуге мүмкіндік туғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Осындай зор ықыласпен, құшақ жая қарсы алғандарыңызға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Рақмет сіздерге, қымбаттыларым! Шын жүректен алғыс айтамын», – деді ол.

Сондай-ақ Валерий Меладзе елорданың көркі мен тазалығына тәнті болғанын жасырмады. Оның айтуынша, Астана – әсемдігімен қатар, ерекше атмосферасы бар заманауи қала.

«Әдемі, таза, көрікті, жанға жайлы әрі заманауи қала. Менің ойымша, әлемдегі ең таза қала», – деп бағалады әнші.

Өнер иесі бұған дейінгі сапарларын да еске алып, өткен жылдармен салыстырғанда қаланың айтарлықтай өзгеріп, қарқынды дамығанын атап өтті.

Концерт соңында ол Астананың одан әрі гүлденуіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар соңғы жарты жылда алғаш рет көрермен алдында осыншалықты ұзақ кіріспе сөз сөйлегенін әзілмен жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button