Астанада бір жылда қанша ағаш пен бұта отырғызылды?
Биыл бас қаланың барлық ауданында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері елордада 1 миллионнан астам ағаш, бұта және гүл егілді.

Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде қала аумағында 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал «Жасыл белдеу» аумағында тағы 14 миллионға жуық ағаш өсіп тұр. Елорданы көгалдандыру аясында жыл сайын кемінде 1 миллион өсімдік отырғызылады.
Биыл егілген жасыл желектің 700 мыңға жуығы көктемде, 400 мыңнан астамы күзде отырғызылған. Олардың қатарында шаған, жөке, қайың, қарағай, гортензия, тобылғы мен сәлбен бар.
Көгалдандыру жұмыстары аудандар бойынша да қарқынды жүргізілген. Мәселен, Есіл ауданында 70 мыңға жуық, Сарайшық ауданында 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Байқоңыр ауданында 1 138 ағаш пен 11 930 бұта егілсе, Алматы ауданында 42 мыңнан астам өсімдік отырғызылған.
Сарыарқа ауданында 333 мыңнан астам жасыл желек пен 4,4 мыңнан астам ағаш егілді. Ал Нұра ауданында 5,5 мыңға жуық ағаш, 75 мың бұта және 9 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылған. Сонымен қатар экологиялық акциялар мен абаттандыру жұмыстары аясында ауданда 500 мыңнан астам жасыл желек егілді.
Көгалдандыру жұмыстары көшелердің бойында, саябақтарда, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді. Қалада ағаш отырғызумен қатар, жасыл аймақтарды күтіп-баптауға, суару жүйелерін орнатуға және гүлзарларды абаттандыруға да көңіл бөлініп отыр.



