Мәдениет

Томирис тарих сахнасынан балет сахнасына шықты: Астанада ұлттық балеттің премьерасы өтеді

Сақ патшайымы Томиристің ерлігі енді балет тілімен баяндалады. 25 қарашада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында ұлттық балеттің алғашқы көрсетілімі өтті. Қойылымнан алған әсерімізбен бөлісеміз.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залында «Томирис» ұлттық балетінің алғашқы көрсетілімі өтті. Ал 26-27 қарашада қойылым қалың көрерменге жол тартпақ. Сақ патшайымының тарихы балет сахнасында қалай өрілер екен деген қызығушылықпен барғанымыз рас. Оның үстіне бұл әлемдік премьера, әрі театрдың өз күшімен әзірлеген алғашқы толық форматты ұлттық балеті.

Екі актіден тұратын қойылымның қалай басталып, қалай аяқталғанын байқамай қаласың. Бүгінде бір нәрсеге ұзақ уақыт назар аудару қиынға айналғаны жасырын емес. Тіпті телефонға қайта-қайта үңілуге әдеттенген көрерменнің өзін сахнадан көз алмайтындай әсерге бөлейді. Қимыл-қозғалыс, оқиғаның қарқыны, кейіпкерлер арасындағы тартыс бір сәтке де босаңсуға мүмкіндік бермейді.

Әдетте балет пен опера көпшілікке күрделі, тіпті бәрі бірдей түсіне бермейтін өнер түрі болып көрінуі мүмкін. Алайда «Томиристі» тамашалағанда оқиға желісін түсіну үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ екенін байқайсыз. Әр сахна құдды біреу сізге оқиғаны баяндап отырғандай әсер қалдырады. Мұны кітап оқумен салыстыруға болар еді: кітапта әріп бар, бейне жоқ, ал мұнда бейне бар, әріп жоқ. Соған қарамастан, оқиғаның мазмұны мен кейіпкерлердің жан дүниесін қимыл арқылы түсінесіз. Қойылым сізді ойландырып, толғандырып, кей тұста өзіңізбен-өзіңіз сырласуға жетелейді.

Бұл тұста хореограф Сұлтанбек Ғұмардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол би мен қимыл-қозғалысты оқиғаны баяндаудың дербес тіліне айналдыра алған. Әр қимылдың астарында белгілі бір сезім, әр сахнаның өз драматургиясы бар.

«Томирис» оқиғасы жаңа емес. Оның тарихы ғасырлар қойнауынан жеткенімен, көтеретін тақырыптары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қойылымнан өмір мен өлім, махаббат, ана мен бала арасындағы байланыс, сағыныш, сатқындық пен кек секілді адамзатқа ортақ сезімдерді көреміз. Тарихи оқиғаның қызығы да осында: уақыт өзгергенімен, адам бойындағы сезімдер мен арпалыстар өзгермейді.

Көзге бірден түсетін көріністердің бірі – сақ қоғамындағы әйелдер мен ерлердің ортақ іске араласуын бейнелейтін сахналар. Жігіттердің қылыштасып, қыздардың садақ тартатын көріністері ерекше әсер қалдырады. Мұнда әйелдер тек сырттай бақылаушы емес, ел қорғау ісіне араласқан жауынгер ретінде көрінеді. Бұл сахналар Томиристің жеке болмысын ғана емес, тұтас қоғамның рухын танытқандай. 

«Томиристің» ең әсерлі тұстарының бірі – музыкасы. Композитор Хамит Шаңғалиев ұлттық аспаптардың үнін симфониялық музыкамен үйлестіріп, көрерменді дала әлеміне жетелейді. Домбыра, сыбызғы, сазсырнай үні бір-бірімен астасып, қойылымның көңіл күйін қалыптастырады. Кей сәтте музыка кейіпкерлердің айтылмаған сөзін, іште қалған сезімін жеткізіп тұрғандай.

Осы тұста композитор Хамит Шаңғалиев пен хореограф Сұлтанбек Ғұмардың шығармашылық үндестігін атап өтпеске болмайды. Сұлтанбек Ғұмардың айтуынша, екеуінің бірлескен жұмысы қиындық тудырмаған. Керісінше, композитордың музыкасын тыңдаған сәтте хореографиялық қимылдар өздігінен туындаған.

Қойылымның дайындық барысы туралы әңгімелеген хореограф бұл жобаның өзі үшін ерекше жауапкершілік жүктегенін айтты.

«Біз үшін бұл қойылымның орны ерекше. Өйткені өзіміз осы жерде өсіп-өнген адамдар ретінде оған үлкен жауапкершілікпен қарадық. Өнерді жоғары деңгейде көрсету үшін көптеген маманмен бірлесе жұмыс істедік», – дейді Сұлтанбек Ғұмар.

Сахналық бейнелерді жасауда костюмдерге де ерекше мән берілген. Шығармашылық топ бірнеше дизайнермен жұмыс істеп, әр киім үлгісін орындаушылардың сахнадағы қимылына қарай талқылаған. Себебі балетте костюмнің әдемілігімен қатар, әртістің еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі де маңызды.

«Қазақ жерінен табылған тарихи жәдігерлерді пайдалана отырып, жаңа үлгідегі костюмдер әзірледік», – дейді хореограф.

Бұл шешім қойылымның тарихи сипатын айқындап қана қоймай, сахнадағы әр кейіпкердің болмысын ашуға қызмет етеді. Жалпы, музыкадан бастап хореография мен костюмге дейінгі әр деталь бір мақсатқа – көрерменді көне дала тарихына жетелеуге бағытталған.

Қойылымды көруге асығуға тұрарлық. Әсіресе балет өнеріне жиі бара бермейтін көрермен үшін «Томирис» осы өнер түрін басқа қырынан тануға мүмкіндік береді. Ал ұлттық тарихтың сахнада жаңаша сөйлегенін көргісі келетіндер үшін бұл премьераның орны бөлек болмақ.

«Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы 26-27 қарашада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залында өтеді.

Автор: Жанерке Бейсетай

Басқа жаңалықтар

Back to top button