Қазақтың Димаш Құдайбергені бейнеленген мурал Мексиканың Монтеррей қаласында ерекше назарға ие болды. Жергілікті жанкүйерлер жасаған өнер туындысында Қазақстан мен Мексиканың мәдени символдары біріктіріліп, екі ел арасындағы достықтың белгісіне айналды.
Муралдың тарихы 2025 жылы басталған. Жергілікті Dears Regias MTY фан-клубының мүшесі Бренда Лорена Эскамилья Мартинес қала тұрғындарын Димаштың шығармашылығымен таныстыру мақсатында оның портретін қабырғаға салу идеясын ұсынған. Жобаны жүзеге асыруға мексикалық суретші Антонио Рейна Трухильо көмектесті.
Алғашқы мурал әншінің 31 жасқа толуына орай жасалған. 2026 жылы Димаштың Мексикадағы концерттері қарсаңында жанкүйерлер композицияны жаңартып, кеңейтті. Жаңа нұсқада әншінің портреті, Мексика туы, Монтеррей қаласының символы саналатын Серро-де-ла-Силья тауы және Қазақстан туындағы алтын күн бейнеленді.
14 қарашада Монтеррейде өткен концертінен кейін Димаш мурал орналасқан жерге арнайы барып, жанкүйерлерімен кездесті. Әнші достарымен бірге қазақтың ұлттық аспаптарында музыкалық шығарма орындап, видео түсірді. Кездесу барысында домбыра, сыбызғы және қобыз үні мексикалық көшеде жаңғырды.
Артист әлеуметтік желісінде өз портретін шетел қаласының көшесінен көруді ұмытылмас сыйлық деп атап, жанкүйерлеріне алғыс білдірді.
Мурал бүгінде тек әншінің портреті ғана емес, түрлі елден келген жанкүйерлер кездесетін орынға айналған. Олар мұнда суретке түсіп, танысып, әндерін бірге орындап, Қазақстан мәдениетін Мексикада танытуда.



